Көкшетауда Түркі жазуы күніне арналған конференция өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында Түркі жазуы күніне арналған «Ұлы Даланың асыл мұрасы» атты конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шара көне түркі жазуын зерттеп, насихаттауға және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған.
«Кезінде ата-бабаларымыз қолданған Түркі руна жазулары - біздің бүгінгі мақтанышымыз, ұлттық байлығымыз», - деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.
Түркі жазуын зерттеген ғалымдар Ұлы көшпенділер өркениетінің тұрмысында, мәдениетінде, салт-дәстүрінде бірегей түркі графикасын қолдану ерекшеліктері мен пайда болуын паш етті.
«Әр адам Ұлы дала халқының тарихын білуі үшін осындай іс-шаралар ұйымдастырылып тұрғаны маңызды», - деді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Сәбит Жәмбек.
Түркі жазуы күніне арналған шара концерттік бағдарламаға ұласты.
«Жыл сайын өткізу дәстүрге айналған мұндай шара мыңдаған жыл бұрын Қазақстан аумағында көне өркениеттің, тарихи үрдістердің болғаны туралы білімімізді кеңейтуге мүмкіндік береді», - дейді конференцияға қатысушылар.
Айта кетейік, 2014 жылдың 18 мамырынан бастап жыл сайын Түркі жазуының күні аталып келеді.