Көкшетауда ұрлықшының «олжасы» бір бума оттық болды
АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында ұрлықшы бір тоғанақ оттық ұрлады, деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
«Полицейлерге күдіктіні «ізін суытпай» ұстауға бейнебақылау камералары көмектескен. Кейін анықталғанындай қаскүнем қаладағы азық-түлік дүкендерінің біріне кіріп, ашықтан-ашық бір бума оттық ұрлап кеткен. Дүкен иесіне бұл қылық 2000 теңге шығын келтірген», - деп жазылған департамент хабарламасында.
Ұрлық жасаған жігіт оқиға орнынан ізін тезірек суытуға тырысқан. Алайда қала көшелерінде орнатылған бейнекамералар оны ұзатпай-ақ кісендеуге мүмкіндік берді. Орталықтағы кезекші инспектор қаладағы патрульдік полицияға оның қай жерде жүргендігін хабарлаған. Бір сағат уақытқа жетпей, полиция қызметкерлері 19 жасар күдіктіні ұстады. Одан қолды болған оттықтар табылды.