Көкшетауда үш мерейтой тоғысқан ауқымды мәдениет апталығы өтеді

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Қазан айының алғашқы онкүндігінде Көкшетау еліміздің түкпір-түкпірінен өнер майталмандары мен сахналық өнерсүйер қауымды жинайтын мәдени орталыққа айналады.

Көкшетауда үш мерейтой тоғысқан ауқымды мәдениет апталығы өтеді
Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Ақмола облысында бірден үш тарихи мерейтойды тоғыстыратын ауқымды мәдениет апталығы өтеді.

Биыл Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының құрылғанына – 80 жыл, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры өзінің 30-шы мерейтойлық маусымын ашса, Ақмола облыстық орыс драма театры 50-ші мерейтойлық маусымын бастайды.

Көкшетауда үш мерейтой тоғысқан ауқымды мәдениет апталығы өтеді
Фото Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Үш өнер ұжымы – өңірдегі кәсіби өнердің қалыптасуы мен дамуының жарқын шежіресін, ұрпақтар сабақтастығын және ұлттық мәдениетке деген адал қызметті танытатын іргелі шығармашылық орталар.

Мәдениет апталығының ашылуы 7 қазанға жоспарланған. Бұл күн толығымен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдығына арналады.

Осы күні филармония басшылары мен сала сарапшыларының қатысуымен, белгілі ақын әрі журналист Байкал Баядилдың модераторлығымен «Тазалық – мәдениеттің бастауы» атты республикалық дөңгелек үстел өтеді.

Көкшетауда үш мерейтой тоғысқан ауқымды мәдениет апталығы өтеді
Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Сондай-ақ шараға қатысушылар шығармашылық салаға мамандар даярлайтын Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне барады.

Күннің басты мәдени оқиғасы – филармонияның шығармашылық ұжымдары мен оркестрлері және республиканың белгілі өнер жұлдыздары қатысатын гала-концерт болмақ. Кеште Секен Тұрысбек, Қайрат Байбосынов, Біржан Хасанғалиев және Айтқали Жайымов өнер көрсетеді.

8 қазанда мәдениет апталығының эстафетасын Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры жалғастырады. Көрермен назарына Мара Байджиевтің «Он екінші күн» комедиясы ұсынылады. Қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Көңбай сахналаған.

Бұл кеш Қазақстанның халық әртісі Жібек Багисова үшін де ерекше болмақ. Өнер иесі жаңа маусымның премьерасы өтетін күні өзінің туған күнін атап өтеді.

Көкшетауда үш мерейтой тоғысқан ауқымды мәдениет апталығы өтеді
Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Мәдениет апталығы 9 қазанда Ақмола облыстық орыс драма театрының 50-ші мерейтойлық маусымының салтанатты ашылуымен қорытындыланады.

Көрермен назарына Мұхтар Әуезовтің шығармасы негізінде сахналанған «Лютый» драмасы ұсынылады. Қойылымның режиссері – Тимур Кулов, композиторы – Батырхан Сабыр.

Салтанатты кешке еліміздің танымал мәдениет және кино қайраткерлері – Меруерт Өтекешова, Асхат Маемиров, Гүлсина Мерғалиева және Асылхан Төлепов шақырылған.

Мәдениет апталығы өңірлік шығармашылық ұжымдардың кәсіби әлеуетін кеңінен танытып, олардың еліміздің рухани дамуына қосып отырған үлесін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шара ұлттық өнер дәстүрлерінің заманауи сахналық өнермен сабақтастығын айқындай түседі.