Көкшетауда волонтерлерге арналған тренинг өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда волонтерлерге арналған семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Бұл шара облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Қазақстан Республикасының жергілікті әскері және Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды.
«Волонтерлердің жауапкершілік шекарасы: өмірлік қажетті дағдысы. Алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырбымен өткен семинар барысында волонтерлік қызметтің бағыты мен ұстанымы, сондай-ақ, «волонтерлік» терминінің «қайырымдылық» сөзінен айырмашылығы сияқты мәселелерге жауап іздеп көрді.
Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Қазақстан Республикасының жергілікті әскері және Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бизнес-жаттықтырушысы Қамал Бектұрсынова Ақмола облысында волонтерлікті дамыту бойынша бірқатар нақты шараларды жүзеге асыру жоспарланып отырғандығын атап өтті.
«Ақмола облысында волонтерлердің 10-ға жуық стартап жобаларын қолдау және жүзеге асыру үшін, волонтерлер мен волонтерлік ұйымдармен жұмыс бойынша үйлестіру шараларын ұйымдастыру бағытында бірқатар шаралар қарастырылған. Алда «Qamqor» желісі бойынша көп жұмыстар тұр. Бұл біздің еліміз үшін маңызды, біз бұлы жұмысты бірлесе атқаратын боламыз», - деді Қамал Бектұрсынова.
Семинар соңында курстан өткен волонтерлерге арнайы сертификаттар табыс етілді. Ендігі кезекте волонтерлер қарттар үй, әлеуметтік орталықтарындағы жұмыстарға тартылатын болады.