Көкшетауда заңсыз жиналған қоқысты тазарту жұмысы жүріп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалық және көгалдандыру айлығы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауда заңсыз жиналған қоқысты тазарту жұмысы жүріп жатыр

Жыл сайын ұйымдастырылатын экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және табиғи орта тазалығын сақтау айлығы кезінде өңірдегі 570 елді мекенде сенбілік және таза бесенбілік ұйымдастырылып, 271 сквер мен саябақ абаттандырылды, 10 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.

Санитарлық тазалық кезінде 158 қоқыс алаңы тазартылды. Оның ішінде Көкшетау қаласында заңсыз жиналған қоқыс алаңдарын тазарту бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Полиция қызметкерлері абаттандыру мен санитарлық нормалардың бұзылу бойынша 625 заң бұзушылықты анықтады.

Мердігер «Аrtal Trade» ЖШС мәліметінше, тазалық айлығы барысында Көкшетау қаласындағы жеке секторлардан 770 тонна қоқыс шығарылған.


«Тимирязев, Дальний проезд, Уәлиханов, Полевой, Сайн, Шевченко, Әуезов көшелерінің бойында заңсыз жиналып қалған 100 КамАЗ қоқыс шығарылды. Қанша тазаланып жатқанына қарамастан, тұрғындар заңсыз қоқыс алаңдарына қоқыс лақтыруларын қояр емес. Сол себепті, тұрғындар осы мәселеге түсіністікпен қарап, қоқысты арнайы белгіленген орындардағы қоқыс жәшіктеріне салғаны дұрыс», - дейді кәсіпорын директоры Талғат Ниязбеков.

Айталық, бүгінгі күні облыста қоқысты бөлектеп жинау мәселесі біртіндеп шешілуде. Пластик пен картонды бөлек жинау үшін 36 қоқыс контейнері орнатылған.

Мәселен, Көкшетау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен «Көкше-Тазалық» және «ECO Group» серіктестіктері айналысады. Осы ретте 2836 қоқыс контейнері орнатылған.