Көкшетауда зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның дерегі бойынша, күдіктіні ұстауға аз ғана уақыт кеткен.
«4 желтоқсан күні сағат 13:55-те Көкшетау ПБ кезекшілік бөліміне 71 жастағы жергілікті тұрғын хабарласты. Зардап шегушінің сөзінше, көлік ішінде отырғанда бейтаныс жігіт оны пышақпен қорқытып, 54 000 мың теңге ақшасын тартып алған. Зейнеткердің айтуынша, тәртіп сақшылары бірден күдіктіні ұстау шараларын қолға алды. ЖБО бейнекамераларындағы жазбаны тексере келе, полицейлер күдіктіні анықтады. Нәтижесінде жол-патруль полиция батальонының қызметкерлері сол маңнан 36 жастағы күдіктіні қолға түсірді», - деп түсіндірді ведомстводан.
Күдіктіні зардап шегуші бірден танып, қалтасынан заттай айғақтар алынды. Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, күдіктінің осындай қылмыс үшін бұрын сотты болғаны анықталып отыр.