Көкшетауда жағалау құрылысы кезінде 170 млн теңге ұрланды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – «Набережная» жобасы бойынша жасалған ұрлықты жасыру мақсатында жұмыстың бір бөлігі Атбасар қаласындағы басқа құрылыс нысаны бойынша ұрланған қаражат есебінен жүргізілген.

Ақмола облысы прокуратурасының хабарлауынша, Көкшетау қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің және «М-Строй проект» ЖШС техникалық қадағалау бөлімінің бұрынғы басшылары, сондай-ақ «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС мердігерлік ұйымының іс жүзіндегі иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оларға Көкшетау қаласында ескі әуежайдан Қан орталығына дейінгі аралықта жағалау салу үшін бөлінген 170 млн теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айып тағылған.
- Күдіктілердің іс-әрекеттері ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни мүлікті аса ірі мөлшерде ысырап ету. Осы бап бойынша көзделген жаза – дүние-мүлікті тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Барлық күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды. Прокурорлар «Набережная» жобасы бойынша жасалған ұрлықты жасыру мақсатында жұмыстардың бір бөлігі Атбасар қаласындағы басқа құрылыс нысанында ұрланған қаражат есебінен жүргізілгенін анықтады. Бір күдікті қосымша ҚР ҚК 218 бабының 3-бөлігі, яғни қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру бойынша да жауап береді. Бұл үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған, - дейді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, тергеу барысында Астанадан қылмыстық жолмен алынған коммерциялық жылжымайтын мүлік табылды. Оның бағалау құны 95 млн теңге.
Прокурорлардың айтуынша, қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақын. Істің соңғы нүктесін сот қояды.
Бұған дейін Ақтөбеде 35 млн теңге жымқырған мекеме басшысы сотталғанын жазған едік.