Көкшетауда жаңа студенттер сарайы салынып жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жаңа студенттер сарайы салынып жатыр. Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев А.Мырзахметова университеті аумағында қолға алынған нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Университет ректоры Мәди Елюбаевтың айтуынша, құрылыс учаскесінің жалпы аумағы 8 мың шаршы метрден асады.

«Студенттер сарайы болашақта екі ғимараттан тұрады. Біріншісі - студенттік амфитеатр, екіншісі - спорт кешені. Қазіргі уақытта әрлеу жұмысы жүріп жатыр, құрылыс материалдары ретінде тас, фиброгипс, металл қолданылуда. Еденге керамикалық плиталар төселеді. Сондай-ақ мұнда концерт залы, дыбыс жазу студиялары, балет, домбыра, яғни студенттердің шығармашылығын кәсіби дамыту үшін қажет нәрсенің бәрі қарастырылған. Спорт кешеніне волейбол, баскетбол залдары кіреді, жеке жаттығу залы, күрес залы бар», - деп түсіндірді Мәди Елюбаев.


Осы ретте құрылыс жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы студенттер сарайында келешекте түрлі ауқымды шаралар өткізуге болатынын атап өтті.

«Бұл - өте ерекше жоба, жақсы архитектуралық нысан. Спорт кешенінде республикалық, халықаралық жарыстар өткізуге болады», - деді Ермек Маржықпаев.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 25 жол-көлік инфрақұрылымы жобасы қолға алынғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар