Көкшетауда жемқорлықпен күреске бағытталған комедияның таныстырылымы өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен күресте шығармашылықтың мүмкіндіктерін пайдаланбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көкшетауда жемқорлықпен күреске бағытталған комедияның таныстырылымы өтті

Осы мақсатта Көкшетауда И.Ильф пен Е.Петровтың «Золотой теленок» романынан алынған «Ұлы комбинатор» атты комедиялық-сатиралық қойылымының тұсаукесері өтті.

Шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегияны жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ұйымдастырды.

Ақмола облыстық орыс драма театры әртістері сомдаған қойылым адамды толғандыратын, жемқорлық пен қағазбастылық сияқты нәрселерді келемеждейтін комедиялық-сатиралық көріністерге толы болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және құқық бұзушылықтардың барлық түрлеріне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру шеңберінде ұйымдастырылған шараға Ақмола облысының әкімдігі қолдау білдірген.

Қойылым өзінің терең мағынасымен адамзаттың адалдығын, адамгершілігін, тәлім-тәрбиесі мен рухани мәдениетін арттыруға, өз әрекеттері үшін жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Жемқорлықпен күресудің осынау әдісі бойынша Департамент басшысы Берген Беспалинов та өз ойын білдірді.
null

«Әрбір құқық бұзушылық ұят, мәдениетіміз үшін жат нәрсе ретінде қабылдануы тиіс. Жемқорлықпен күресу әдістерінің әртүрлі екені белгілі. Біздің ойымызша, сатира мен әзіл арқылы жемқорлықты келемеждеу жақсы нәтиже көрсетуі тиіс», деп атап өтті Б.Беспалинов.

Орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереевтің айтуынша, әртістер құрамы көрермендердің үміттерін ақтап, тек құқықтық қана емес, сонымен бірге рухани-адамгершілік тұрғыда тыйым салынған құбылыс ретінде сыбайлас жемқорлықтың шынайы мазмұнын ашты. Қойылым мәдениет саласының үздігі, қоюшы-режиссер Ольга Луцива мен актерлер құрамының арқасында жоғары деңгейде өтті.

Қойылым қараша айының 4-23 күндері аралығында ұсынылатын болады.

Айта кетейік, осыған дейін Елбасының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде Ақмола облысында жемқорлыққа қарсы жаңа жоба қолға алынатынын хабарлаған едік.