Көкшетауда Жеңіс күні қарсаңында қалалық газеттердің жүлдесі сарапқа салынды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ұлы Жеңістің 71 жылдығы мен 7 мамыр Отан қорғаушы күні құрметіне қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесі үшін дәстүрлі жеңіл атлетикадан эстафета өтті.

Көкшетауда Жеңіс күні қарсаңында қалалық газеттердің жүлдесі сарапқа салынды

Эстафетаның ашылу салтанатына қатысқан Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев пен спорт ардагері Әбдірахман Әбдірашитов  Тәуелсіздік алаңына жиналғандарды құттықтап, команда мүшелеріне жеңіс тіледі.

«Облыс орталығында жеңілатлетикалық эстафета осыдан 69 жыл бұрын бастау алған болатын. Содан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Осынау игі шара  жеткіншектер мен жастардың жеңіл атлетикаға деген құмарлығын одан сайын арттыра түседі», деді қала әкімі.

Жалпы, бұл жолғы жеңілатлетикалық эстафетаға Көкшетау қаласындағы жоғары, арнайы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерінен құралған 800-ге жуық адам қатысып, бақтарын сынады.

Оның ішінде қыздар арасында өткен эстафета да командалық есеп бойынша  жоғары оқу орындарының арасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрама командасы бірінші, А.Мырзахметов университетінің командасы екінші орынға тұрақтады. Ал, ерлер арасында Көкшетау техникалық институтының командасы бірінші орын алса,  жүлделі екінші және үшінші орындарды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов университетінің командалары өзара бөлісті.

Эстафетаға қатысушылар кубок, грамота, дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.