Көкшетауда жылу электр орталығын салу қалай жүріп жатыр – әкім жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Ақмола облысында жылыту маусымы дайындығына 40 млрд теңге бөлінді, оның ішінде алғаш рет меншік иелері есебінен 8 млрд теңгеге жылу желілері жөнделді. Бұл туралы өңір әкімі Марат Ахметжанов мәлім етті.

ЖЭО
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

- Биыл Степногорск қаласында 8 шақырым жылу желі жөнделді, бұл желілердің тозуын 73%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Осы секілді Атбасарда да жұмыс жүргізілді, қаладағы жылу желісінің тозуы 70%-ға төмендеді. Жылу желілері бойынша жоспарланған жұмыстар 100% орындалды, - деді Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп бере тұрып. 

Одан әрі облыс әкімі Көкшетауда жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жұмысының барысына тоқталды. 

- Бұл бағытта белсенді жұмыс жүріп жатыр. Қазір инженерлік-геологиялық іздестіру және уақытша құрылыстарға арналған алаңды ұйымдастыру жұмыстары басталды. Тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұл мақсатқа биыл 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, - деп толықтырды ол. 

Сондай-ақ әкім есеп беру барысында Егіндікөл ауданында 70 шақырымдық Нұра топтық су құбыры желісі салынғанын мәлім етті. 

- Жаңа желі Қарғалы, Жантеке, Құмкөл, Егіндікөл және Тоғанас ауылын сумен қамтамасыз етіп отыр. Сол сияқты биыл Үкімет резервінен Егіндікөл және Қорғалжын аудандарына су тартқышты қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлінді. Бұл шара екі аудан тұрғындарын таза ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етеді. Одан бөлек Көкшетау қаласында су тазарту құрылысы жобасы аяқталу сатысында тұр. Желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтаймыз деп отырмыз, - дейді М. Ахметжанов.

Соңғы жаңалықтар