Көкшетауда жыл ішінде екі мың адам жұмысқа орналастырылды

КӨКШЕТАУ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетау қаласы бойынша «Жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жыл басынан бері екі мың адам жұмысқа орналастырылған,

Көкшетауда жыл ішінде екі мың адам жұмысқа орналастырылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мәлғаждаровтың айтуынша, Елбасының Жолдауына орай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық нысандарын, жолдарды жөндеу жұмыстары бірінші кезектегі міндеттер ретінде қарастырылуда. Соған сәйкес іс-шаралар айқындалып, жұмыстар қолға алынған. Бұл арада, ең алдымен кәсіпорындарда қысқартылған жұмысшылар, жоғары және арнаулы оқу орындарының, кәсіптіктехникалық лицейлердің түлектері мен оралмандар ерекше бақылауға алынған. Белгіленген жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 1 миллиард 320 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Оның басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, жол жөндеу ісіне, әлеуметтік нысандарды ретке келтіру жұмыстарын жүргізуге бағытталып отыр. Оның сыртында бюджеттен бөлінген 42 миллион теңге әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға, жастар тәжірибесін кеңейтуге жұмсалатын болады.