Көкшетауда жылу электр орталығын салуға қанша қаражат керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Көкшетауда жылу электр орталығын салуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін түзету жұмысы аяқталды, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес отынның негізгі түрі – тас көмір, бұл ретте ЖЭО-ны газға ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Электр станциясының қуаты – 240 МВт, жылу қуаты – 520 Гкал/сағат. Құрылыстың жалпы құны – 239,5 млрд теңге», - делінген Үкімет басшысының Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, негізгі техникалық шешімдерде Көкшетау қаласының қолданыстағы жылу энергиясын өндіру объектілерінің (ҚР-1, ҚР-2 қазандықтары) инфрақұрылымын пайдалану жоспарланған. Бұл жоба бойынша шығындарды төмендетеді. Жобаны іске асыру жөніндегі ведомствоаралық жобалау тобы құрылды. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және салалық қауымдастықтардың өкілдері кірді. Жобаны іске асырудың кезеңдері мен мерзімдері айқындалған тиісті жол картасы бекітілді. Қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген ведомствоаралық жобалау тобының қызметі аясында жобаны іске асыру бойынша одан арғы іс-шаралар пысықталуда.
«Жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасын айқындау мақсатында Үкімет «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында электр қуатының нарығы арқылы қаржыландыру мен инвестицияларды қайтарудың ықтимал тетігін қарастырып жатыр. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша бәсекелестік негізде заңнамада көзделген конкурстық рәсімдер аясында инвесторды іріктеу қамтамасыз етілетін болады. Баяндалғанның негізінде жобаның әлеуметтік және стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, оны жеделдету және іске асыру мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында болады», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов.