Көкшетаудағы жәрмеңкеге облыстың кәсіпкерлері 70 тонна өнім әкелді
Көкшетауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті азық-түлік жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге Аршалы, Астрахан, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград аудандары және Көкшетау мен Қосшы қалаларының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.

Жәрмекеңге барлығы 84 миллион теңгеге 70 тонна өнім әкелінді. Оның ішінде қала тұрғындары үшін жеңілдетілген бағамен 30,8 тонна ет және шұжық өнімдері, 1,2 тонна жаңа балық, 93 мың дана жұмыртқа, шамамен 4,7 тонна сүт және сүт өнімдері, 8 тоннадан астам ұн, 16 тоннадан астам картоп, шамамен 2 тонна көкөніс және басқа да өнімдер ұсынылды.
Жәрмеңкені аралап көрген аймақ басшысы Марат Ахметжанов азық-түлік бағасы мен сапасына назар аударды.

- Бұл жәрмеңке ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін өнімдерін сатуға мүмкіндік берсе, қала тұрғындарына нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен азық-түлік сатып алуда тиімді болып отыр. Сатып алушылар арасында аға буын өкілдері көп. Мен өндірушілер мен тұрғындардың пікірлерін тыңдадым, болашақта қарастыратын ұсыныстар бар, - деді әкім.
Сондай-ақ, облыс басшысы мұндай іс-шараларға еріктілердің де қатысу қажеттігін атап өтті.
Қорғалжын ауданындағы «Құралай МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Саят Секеров ет өнімдерін әкеліпті.

- Біз сиыр етін 2300 теңгеден саттық, қала тұрғындары үшін бұл өте тиімді баға. Сол үшін, бізге көкшетаулықтар алғыстарын айтты, - деп бөлісті кәсіпкер.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазан айының соңында Ақмола облысының өндірушілері Астана қаласындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында азық-түлік бағасының өсу себептері туралы жазған едік.