Көкшетаудағы дабыл: балаларды биік шатырға шақыратын қауіпті ойындар пайда болды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау педагогтары әлеуметтік желіде қауіпті ойынның пайда болғанын айтып, ата-аналарға сақ болуды ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы үлкен әлеуметтік мәселе - әлеуметтік желідегі қауіпті ойындарға назар аударуларыңызды сұраймыз. Мұндай ойындардың әкімшілері балаларды жабық топқа шақырады және өліммен аяқталатын түрлі флешмобтарға қатысуға шақырады», - делінген Көкшетаудың барлық мектептерінің сайтында жарияланған үндеуде.
Ескертуде айтылғандай, баланың қауіпті ойынға арбалуының алғашқы белгілері - өліммен байланыстырылатын қара және күңгірт түсті киімдерді таңдауы; денесінде күю, кесу және өзге де зақым белгілерінің пайда болуы; үйдегі девайстарға қолжетімділікті шектеу, компьютерлерге кілт сөздер қою. Сондай-ақ, балалардың әлеуметтік желіде депрессияға толы жазбалары мен өз бетін жауып түскен суреттерді жариялауы да суицидтік ойлардан хабар береді.
Одан бөлек, WhatsApp желісі бойынша кейбір мектеп директорлары ата-аналарға балалар үшін қауіпті ойындардың пайда болғанын жеткізген. Сондай ойындардың бірі - жасөспірімдердің көпқабатты үйлердің шатырында жүгіруді талап еткен Instagram-дағы үздік бейнеролик байқауы.
«Қазіргі балалардың бәріне интернет қолжетімді. Әрбір ата-ана баласының немен айналысып жүргенін, қандай сайттарға кіретінін білуі тиіс. Қазір Instagram-да көпқабатты үй шатырында бейнеролик түсіру байқауы жүріп жатыр. Балалар көбірек лайк жинау үшін түсірілім жасап жүр. Біз ата-аналармен тұрақты жұмыс жүргізудеміз және көмектесуге әрқашан дайынбыз», - деп жауап берді ҚазАқпарат тілшісіне Көкшетау №1 мектеп-гимназиясының психологы Динара Иманбаева.
Бұған дейін Көкшетаудағы көпқабатты үйлердің шатырында жүрген жасөспірімдер бейнесі әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Полиция жасөспірімдердің аты-жөнін анықтап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.