Көкшетаудағы пəндер олимпиадасына 350-ден астам оқушы қатысуда
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 350-ден астам оқушының қатысуымен пəндер олимпиадасы өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 4-7 қаңтар күндері аралығына жоспарланған олимпиада ойындары Көкшетау қалалық №3 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты мен №18 орта мектебінің базасында өтіп жатыр.
Жарысқа облыстың 17 ауданы мен Көкшетау, Степногор қалаларынан және 4 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарынан аудандық кезеңнің жеңімпаздарынан құралған барлығы 378 оқушы қатысуда.
Олимпиада қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқықтану негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, математика, информатика, физика, химия, биология, география пәндері бойынша өтуде.
Олимпиада жеңімпаздары Көкшетау қаласында жаратылыстану-математикалық циклдағы пәндер бойынша және Петропавл қаласында гуманитарлық циклдағы пәндер бойынша өтетін Республикалық олимпиадаға қатысады деп жоспарланған.