Көкшетаудағы жұқпалы аурулар ауруханасынан алғашқы науқас жазылып шықты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жаңадан ашылған Ақмола облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан коронавирус инфекциясымен ауырған алғашқы науқас жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Қараша айының басында науқас қыздан коронавирус белгісі байқалған, кейін ПТР-тест нәтижесі бойынша ол расталған. Ол бірден Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасына жатқызылды. Артынша, Көкшетауда жаңадан ашылған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылады.
«Ауру жеңіл түрде өтті. Өзімді жайсыз сезіну деген болған жоқ. Дәрігерлер мен персоналдарға еңбектері үшін алғыс айтқым келеді. Олар өз істерінің кәсіби шеберлері. Ауруханада науқастардың емделуі үшін барлық жағдай жасалған. Қазір көңіл-күйім жақсы», - дейді Айнара.
Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықовтың айтуынша, бүгінгі таңда орталықта жүкті 8 әйел емделіп жатыр. Тәулік бойы 25 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Науқастардың саны артқан сайын медициналық персоналдардың да саны артады. Көкшетаудағы модульді жұқпалы аурулар орталығы 200 науқасқа арналған. Орталық «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша екі айдың ішінде салынып, қараша айының басында ашылды. Мұнда жұқпалы аурумен науқастанғандар емделеді.
Жуырда ғана Көкшетауда 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының ашылғандығы туралы жазған болатынбыз.