Көкшетаудың әкімі мұқтаж жандар үшін қан тапсырды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев мұқтаж жандар үшін қан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық қан орталығының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
«Көкшетау қаласының әкімі қан доноры атанды. 18 ақпанда қала әкімі Ермек Маржықпаев мұқтаж жандар үшін плазма тапсырды. Ермек Маржықпаевтың қан тобы кеңінен таралған ІІ-топ және резус-факторы оң. Бүгін қан тапсыра отырып, Ермек Боранбайұлы бір адамның өмірін сақтап қалды немесе ғұмырын ұзартуға септігін тигізді», - делінген жазбада.
Өз кезегінде қала әкім көкшетаулықтарды қан донорлығына қосылуға шақырды.
«Менің ойымша, әрбір адам қан тапсыруы керек. Өйткені өмірде әртүрлі жағдайлар орын алады. Төтенше жағдай болған кезде зардап шеккен адамдарға сирек кездесетін қан тобы керек болуы мүмкін. Ал ондай қан керек жағдайда болмауы мүмкін. Адамдар мүмкіндігінше бір-біріне көмек көрсетуден бас тартпауы керек,» - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Статистика бойынша өмірінде әрбір үшінші адам қан құюға мұқтаж болады.
«Әр адам ағзасында 5 литр қан бар екені бізге мәлім. Қан құю түрлі апаттардағы күйік пен жарақаттар алған адамдар үшін ғана керек емес, сонымен қатар қиын ота жасау және ауыр босану кезінде де көп мөлшерде қажет. Қанға көбінесе лейкоз және гемофилия сияқты онкологиялық аурулармен ауыратын адамдар мұқтаж болады. Химиятерапия алғаннан кейін науқас тромбоциттер, эритроциттер және ақуыздардың қорын толтыруы тиіс.
«Донор - өз қанын бере отырып, бір жанға өмір сыйлайтын адам. Салмағы 50 кг төмен емес, жасы 18-ден 60 дейінгі кез-келген қазақстандық донор бола алады», делінген ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасында.