Көкшетаудың іргесіндегі ауылды су алып, 43 адам қауіпсіз жерге көшірілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың іргесінде ауылдағы үйлерді су шайып,  43 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Көкшетаудың іргесіндегі ауылды су алып, 43 адам қауіпсіз жерге көшірілді

ТЖД мәліметі бойынша төтенше жағдай ағымдағы жылдың 11 сәуірінде таңғы 05:45 шамасында Зеренді ауданының Шағалалы ауылында орын алған.

"Шағалалы өзенінің суы көтерілуі салдарынан ауылдағы 4 үй мен 9 үйдің ауласын су шайып кетті. Осының салдарынан 43 адам (оның ішінде 9 бала) және 154-ке жуық үй жануарлары қауіпсіз жерге көшірілді.

Қазіргі кезде су сору жұмыстарына ТЖД жеке құрамынан 21 адам және 9 техника мен 4 жүзу құралы, жергілікті атқарушы органдардан 3 адам және 1 техника, жергілікті полиция қызметінен 4 адам және 1 техника жұмылдырылып, су тасқынының салдарын жою шараларын жүргізуде", - деп түсіндірді ТЖД баспасөз қызметінен.