Көкшетауға ірі көлемде есірткі затын тасымалдаған күдікті ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында гашиш есірткі затын тасымалдаған Көкшетау қаласының 44 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауға ірі көлемде есірткі затын тасымалдаған күдікті ұсталды

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне облыс орталығының тұрғыны Көкшетау қаласының аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысатыны туралы хабар түскен.

«Күдікті «Қарасора-2022» республикалық жедел алдын алу шарасы барысында Көкшетау қаласына кіреберіс жолда қолға түсті. Облыс орталығының 44 жастағы тұрғынының автокөлігін тінту кезінде жолаушылар отыратын артқы орындықтан үш полиэтилен пакетке оралған жалпы салмағы 2 келі 768 грамм гашиш есірткі заты салынған спорттық сөмке табылды. Оған қоса электрондық таразылар тәркіленді», - деді департаменттен.

Қазіргі уақытта полицейлер есірткі затын сатып алу орнын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.

«Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі «Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтерімен заңсыз жұмыс істеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп толықтырды баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмолаға оңтүстік өңірден марихуананың ірі партиясын жеткізуші ұсталған еді.