Көкшетауға медициналық білім алу үшін үндістандық студенттер келді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауға медициналық білім алу үшін 27 адамнан тұратын үндістандық студенттердің алдыңғы легі келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауға медициналық білім алу үшін үндістандық студенттер келді

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоба ЖОО мен Үндістанның «SunTrap 786 LIMITED» компаниясы арасында жасалған келісімге сәйкес жүзеге асырылып отыр. Келісім бойынша компания аталмыш білім ордасына 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін Үндістан, Пәкістан, Шри-Ланка, Непал, Бангладеш сияқты мемлекеттерден талапкерлер тартуы тиіс. Жобаның алғашқы кезеңі бойынша Көкшетауға Үндістан елінен 50-ге жуық студент келуге тиіс болатын. Желтоқсан айының алғашқы күндері бұл студенттердің 27-і келді. Олардың 20-сы ұл да, 7-уі қыз.

«Университетте шетелдік студенттерге жаңа ашылған медицина факультетінде оқу үшін барлық жағдай жасалған. Студенттердің жастары әртүрлі, 18-ден 25-ке дейінгі аралықта. Медицина факультетінде шетелдік студенттермен жұмыс жүргізу үшін декан орынбасарының лауазымына арнайы штаттық бірлік бөлінді. Дәл сондай бірлік біздің басқармада да бар, өйткені біз жүктелген жауапкершілікті сезініп, ЖОО имиджін сақтау қажет екенін түсінеміз. Біз визадан бастап, тұрғылықты жерде тіркеу, тамақтану және қауіпсіз өмір сүру сияқты барлық ұйымдастыру жұмыстарымен айналысамыз. Айта кететін жайт, фирма студенттерге Үнді аспаздығының тағамдарын дайындайтын арнайы аспаз да жалдады», деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің интернационалдандыру және академиялық ұтқырлық басқармасының жетекшісі Екатерина Туровская.

Шетелдік студенттер қонақүй тәрізді етіп жабдықталған жатақханаға орналастырылды. Олар бейімделу кезеңі мен карантиннен өткесін ғана университетке оқуға барады. Оларды жатақханадан университетке дейін және кері қайтуға күніне екі рет тасымалдау ұйымдастырылып отырады. Тасымалдау «Көкшетау автобус паркі» ЖШС-не жүктеліп отыр.

«Университет шетелдік студенттердің оқыту үдерісіне тыңғылықты дайындалды. Медициналық факультетте шетелдік студенттері бар топтарда сабақ жүргізетін оқытушылар қабылданды. Дәрістер әзірленіп, үш тілде 3D-технологиялары алынды. Оқыту қарқынды курстар түрінде жүргізілетін болады», - деп толықтырды Екатерина Туровская.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталмыш университетте үнділіктермен қатар Қытай, Германия, Ресей, Моңғолия, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Грузия, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген студенттер де білім алуда. Олардың көбі филология және педагогика, С.Сәдуақасов атындағы Аграрлық-экономикалық институтында білім алуда. Алдағы уақытта шетелдік студенттер қатары әлі толықтыру жоспарда бар көрінеді.