Көкшетауға жұқпалы ауруларды емдейтін аурухана салу керек - Ж. Ерғалиев
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Ақмола облысының орталығында жұқпалы ауруларды емдейтін аурухана жеткіліксіз.
Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жабал Ерғалиев осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, Ақмола облысының орталығында жұқпалы ауруларды емдеу ісінің материалдық-техникалық базасы өте төмен. «Бір ғана қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде жыл сайын 550-600-ге жуық түрлі індет жұқтырғандар емделіп шығады. 150 мыңға жуық халқы бар Көкшетау қаласы мен 800 мыңға жуық халқы бар тұтас Ақмола облысы үшін небәрі жұқпалы ауруларды емдейтін 45 орындық аурухана ғана бар. Жаңағы 45 кереует орынның 30-ы балалар, ал 15 орны ересектер бөлімшелерінде орналасқан», - дейді сенатор. Оның айтуынша, мемлекеттік санитарлық және індет бақылау органдарының анықтауларынша, ауруларды орналастыру, клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізу, тіпті емдеу жағдайлары қанағатанғысыз жағдайда қалып отыр. Өйткені, Көкшетау қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесі облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесімен бірге орналасқан. Бұл жағдай және өндірістік алаңдар құрылыс және санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерге мүлдем сай келмейді.
«Түрлі індет жұқтырғандарды жедел оқшаулап, оларды емдеудің санитарлық індет нормалары мен тәртібінің сақталмауынан сол аурухана қызметкерлері мен өзге де сырқаттардың түрлі індеттерді біріне бірі жұқтыру қаупі азаймай отыр. Егерде әлде бір жұқпалы індет, тіпті тұмаудың өзі кеңінен тарап кетер болса, Көкшетау қаласындағы қазіргі аурухана індетке ұшырағандарды толық оқшаулауға және дәрігерлік көмек көрсетуге мүлдем қауқарсыз болар еді. Осыны ескеріп, Көкшетау қалалық ауруханасы жанынан 20-25 орындық осы заманғы үлгімен ересектерге арналған жұқпалы аурулар бөлімшесін салу мәселесі қарастырылса игі», - дейді сенатор.