Көкшетаулықтың 12 млн теңге ақшасын жымқырған дроппер 3,5 жылға сотталды

Сотталды
Фото: Kazinform

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетау тұрғынының есепшотынан 12 млн теңгеден астам ақша жымқырған дроппер 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталған адам Көкшетау қаласына өткен жылдың жазында Мәскеуден келген. Оған осында мобильді қосымшаның көмегімен банкоматтар арқылы қолма-қол ақшаға шешіп алу арқылы оңай табыс табатын жұмыс ұсынылған.

Сотталушы өз әрекеттерінің заңсыз екенін білмегенін айтып ақталмақ болды. Жұмыс беруші оған телеграммда криптовалюта арбитражымен айналысып, картадан ақша алу керек екенін түсіндірген. Алайда, тергеушілер анықтағандай, ер адам интернеттегі алаяқтықтың қылмыстық схемасына қатысып, дроппер рөлін атқарған. 

Осылайша, алаяқтар Көкшетау қаласының тұрғынына 12 миллион 229 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Ал сотталған адам банктоматтан ақшаны қолма-қол шешіп алып, «жұмыс берушіге» аударып отырған. Сотталушының өзі қылмыстық схемада 360 000 теңге «табыс» тапқан. 

Сотқа оның кінәлі екенін анықтау үшін тергеушілер келтірген дәлелдемелер жеткілікті болды. 

«Көкшетау қалалық сотының үкімімен сотталушыға орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - деді ведомстводан. 

Айта кетсек, бұдан бұрын интернет алаяқтары ақмолалықтың депозиттегі 5,5 млн теңгесін шешіп алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар