Көкшетаулық Болат Батырбаев «Балалар Жаңа толқыны-2013» халықаралық байқауында ел намысын қорғайды
Бұл шығармашылық бәсеке Ресейдің даңқты продюсері және режиссері Лина Арифулинаның «Жұлдыздар фабрикасы», «Музыка мектебі», «СТС жұлдызды жағады» сияқты кеңінен танымал концерттер мен телебағдарламалар, мюзиклдер негізінде Қазақстанда алғаш рет өткізілді.
Астана қаласы ресми сайтының хабарлауынша, байқауға 8 бен 15 жас аралығындағы эстрада әндерін орындаушылар қатысты.
Еске салайық, байқаудың бірінші кезеңі іріктеу туры ретінде Қазақстанның барлық облыс орталықтарында өтті. Аймақтық жарыстарда жеңіске жеткен 12 жеңімпаз «Еуразия» бірінші арнасында 4, 5, 6 шілдеде тікелей эфирде көрсетілген жартылай финалға қатысуға құқық алды.
Бірінші күні қатысушылар балалық әнұранын орындаса, екінші күні - жұлдыздармен дуэт құрды. Ал байқаудың үшінші күні Астана мерекесіне арналды. «Аялаған Астана» қазақстандықтар үшін керемет сыйлық болды.
Музыкалық жарыстың соңында таланттарын қазақстандық және ресейлік эстраданың хас шеберлері - Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Байғали Серкебаев, Доминик Джокер және басқа да адамдар бағалаған байқаудың жеңімпаздары анықталды.
Бірінші орын мен көрермендер көзайымы жүлдесін «ЧиПиКи» триосы жеңіп алды. Екінші орын қызылордалық Құралай Мейрамбекке берілді. Үшінші орынды Семейден келген Балауса Ниязбекова иеленді. Астана қаласы әкімінің жүлдесі ЖаҺангер Жұмабаевқа бұйырды. Ал, «Аялаған Астана» телевизиялық байқауының бас жүлдесі - гран-при Көкшетаудан келген 13 жасар Болат Батырбаевқа тапсырылды. Енді ол Артектегі «Балалар Жаңа толқыны-2013» халықаралық байқауында еліміздің намысын қорғайтын болады.