Көкшетаулық «El Jastar Teatry» халықаралық фестивальдің жүлдегері атанды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Жас-Art 2020» халықаралық 3-ші театр фестивалінде Ақан Сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің «El Jastar Teatry» жастар театры «Спекталь» аталымы бойынша жүлделі екінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетаулық «El Jastar Teatry» халықаралық фестивальдің жүлдегері атанды

2020 жылғы 26–29 сәуір күндері өткен колледж студенттерінің арасындағы қашықтықтағы театр фестиваліне Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы колледжі, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі және Ақан Сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Жеңімпаздар «Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқу», «Спектакль» аталымдары бойынша анықталды.

Сонымен бірге, актерлік шеберлігімен көзге түскендер «Үздік актриса», «Үздік актер», «Үздік ансамбль» және «Үздік пластикалық шешім» дипломдарымен марапатталды.

Соның ішінде Абайдың «Жастықтың оты қайдасың?» атты шығармасын ұсынған Ақан Сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің «El Jastar Teatry» эксперименттік лабораториялық жастар театры «Спекталь» аталымы бойынша жүлделі екінші орын алды. Бұдан бөлек, аталмыш театр ұжымы «Үздік ансамбль» дипломына ие болды.

Айта кетейік, «El Jastar Teatry» эксперименттік лабораториялық жастар театрының жетекшісі — Хәкім Хасамбай, режиссері — Фархадбек Қанафин.