Көкшетаулық соғыс ардагері кішкентай жауынгерлерге ерлік сабағын өткізді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы №21 орта мектептің «0» сынып оқушылары соғыс және еңбек  ардагері  Елдес Қоңыровтың үйінде болып, майдангерді Жеңістің 73 жылдық мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетаулық соғыс ардагері кішкентай жауынгерлерге ерлік сабағын өткізді

Кездесуде оқушылар ардагерге өлең шумақтарын арнап, сыйлықтарын тапсырды. Өз кезегінде қария да қарап қалмады, кішкентай жауынгерлерге ерлік сабағын үйретіп, саптық байқау өткізді.

Жасы 93-тен асқан ақсақал барша қазақстандықтарды осынау мерекемен құттықтап, өзіне бір сәт көңіл бөлген кішкентай бүлдіршіндерге шынайы ризашылығын білдірді.

 «Мұғалімдеріңізді тыңдаңыздар, Отанды қорғауға әрқашан дайын болыңдар! Денсаулыққа көңіл бөліп, шынығыңдар. Сонда бәрі де жақсы болады», - деп ақсақал.

Сонымен қатар, ардагер тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезінде қалай майданға аттанғаны туралы айтып берді. Ол 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Фрунзе қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберіледі. Онда десантшы ретінде  жаттығудан өтеді. Сол жылдың тамызында Украинаның Киев, Днепропетровск сияқты қалалары мен елді мекендерін жаудан азат ету үшін қиян-кескі ұрыс жүргізіліп жатқан Днепр өзенінің оң жағасында алғаш рет жаумен бетпе-бет шайқасты.

Сонымен қатар, ол фин әскерлерінің бақылауында болған Свир өзені бойын және неміс басқыншыларынан Орша қаласын азат етуге қатысты. Румыния және Венгрияға дейін барды.

1945 жылдың сәуір айында ауыр жарақаттанып, үш ай бойы госпитальда емделді. Тек 1949 жылы ғана елге оралды.

Қарт жауынгердің кеудесінде «Ерлігі үшін», «Карелияны азат еткені үшін» және «Венаны алғаны үшін» медальдары жарқырайды.

Осы күні қарт сарбаз егде тартқанын елемей қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға ақыл-кеңесін айтудан да жалыққан емес. 

null