Көкшетаулық студенттер 2,5 айдың ішінде электромобиль құрастырып шығарды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы жоғары колледж студенттері 2,5 айдың ішінде күн сәулесінен қуат алатын бір кісілік шағын электромобиль құрастырып шығарған. Бұл туралы аталмыш білім ордасының автомеханик мамандығы бөлімінің меңгерушісі Бақтияр Қоңырбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетаулық студенттер 2,5 айдың ішінде электромобиль құрастырып шығарды

Оның сөзінше, экологиялық жағынан таза әрі жанармай шығындамайтын көлік сағатына 10 шақырым жылдамдықпен 2 шақырым қашықтыққа дейін жүріп өте алады. Бұл көліктің өзгелерден басты ерекшелігі күннің көзінен қуат алатындығында болып отыр. Яғни әдеттегі қозғалтқыштың орнында мұнда электрлі мотор орнатылған. Ол көліктің алдыңғы маңдайындағы тақталар арқылы күн сәулесінен тарайтын энергияны аккумуляторға жинайды. Соның көмегімен көлік қозғалады.

 «Идея 2016 жылы дүниеге келді. Бұл Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің қарсаңы болатын. Көрме бізді қамшылады. Көрмеге өз үлестерін қосу мақсатында бір топ студент баламалы энергия көзін қолданатын көлікті жасауға кірісті. Нәтижесінде 2,5 айдың ішінде алғашқы электромобильді құрастырып шығардық», - дейді Бақтияр Қоңырбаев.

 Қолдан құрастырылған электромобиль қарапайым. Қаңқасы полиэтиллен құбырларынан жасалған. Оған электромотор мен күн энергиясынан қуатын алатын панель орналастырылған. Панель Қытайдан сатып алынған. Жобаның құны 50 мың теңгені құрайды. Қазіргі кезде, білім ордасының студенттері жобаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс істеуде.

 «Әзірге, электромобиль өндірісі туралы ойланып жатқан жоқпыз. Бұл көлікті мүмкіндігі шектеулі жандар ғана қолдана алады. Келешекте, қозғалтқышының қуатын арттыру жоспарда бар. Ол үшін инвестиция қажет. Егер ондай мүмкіндік болып жатса, Көкшетау қаласы мен Бурабай кентінде электромобильдерді қуаттайтын арнайы станса ашу жобасын да жүзеге асыру ойда бар», - дейді Бақтияр Қоңырбаев.