Көкшетаулық велошабандоз Азия кубогын жеңіп алды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулық велошабандоз, 18 жастағы Андрей Чугай Үндістанда өткен Азия кубогының чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Үндістанның Нью-Дели қаласында ерлер арасында велотректен Азия кубогы өтті. Ұлттық құрама сапында болған № 7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі Андрей Чугай «Кейрин» әдісі бойынша екінші орын алса, «Спринт» әдісі бойынша құрлық чемпионы атанды.
Жаттықтырушысы Иван Гринбергтің айтуынша, Андрей «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болған.
«Қазіргі кезде Андрей ұлттық құрама сапында Әлем кубогының кезеңдік жарысына дайындалу үстінде. Онда спортшылар Олимпиадаға іріктеуден өтеді», - деп түсіндірді И. Гринберг.