Көкшетаулықтар Қазақстан туралы ресейлік кинорежиссердің фильмін тамашалады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулықтар ресейлік кинорежиссер Радик Кудаяровтың Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қалыптасу жолдары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекетін құрудағы басты рөлі мен заманауи Астананың даму кезеңдері туралы «Назначенный временем» атты екі бөлімнен тұратын деректі фильмін тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Достар» мәдениет сарайында ұсынылған деректі фильмде Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі, даму, гүлдену процесі көрініс тапқан. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел өміріндегі елеулі еңбектері жан-жақты қамтылған. Фильм КСРО-ның соңғы әрі тұңғыш президенті Михаил Горбачевтің кеңестік империя күйреп, оның орнына тәуелсіз 15 мемлекет құрылуына және олардың одан ары дамудың даңғыл жолына түсіп, өзге елдермен терезесі тең мемлекет болып ел болып қалыптасуы сәтімен басталады. Халқымыздың қасіретіне айналған ұзақ жылдар бойы алапат жарылыс болып, ядролық қару сынақтан өткізіліп келген Семей полигонының жабылуы, Тәуелсіз Қазақ елін қалай құрғаны, Ыстанбұл саммитінен кейін 11 жыл бойы тоқырауға ұшыраған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихын саммитін елорда төрінде өткізгендігі, Ресей мен Украина арасындағы дағдарыс, Армения мен Әзербайжан шиеленісі, халқы босқынға айналған Сириядағы қанды соғысты реттеу ісіне қалай араласқаны жан-жақты баяндалады.
Қазақстанның Ресей және Қытай Халық Республикасымен арадағы шекара мәселесінің шешу сәттері де алынған. Елбасы фильмде Қытай басшылығымен даулы аймақтарға қатысты мәселелерді қалай оңтайлы шеше алғандығына ерекше тоқталады.
Сонымен қатар фильмде Ресей, Қытай, Жапония, Аустрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Голландия, Израиль, Испания, Франция, Италия және Швейцарияның дипломатиялық миссияларының көшбасшылары мен өкілдерінің пікірлері де берілген. Туынды да Астананың құрылуы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков және елорданың қазіргі әкімі Әсет Исекешов кеңінен баяндайды.
Көрермендердің зор қызығушылығын туғызған фильмді облыс әкімінің орынбасарлары Асқарбек Үйсінбаев пен Қанат Ыдырысов, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, әлеуметтік сала, оқу орындары, шағын және орта бизнесс өкілдері соғыс және еңбек ардагерлері, жастар, саяси партия филиалдары, ұлттық-мәдени орталықтар, діни конфессиялар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері тамашалады.
Тәуелсіздіктің тұтқасын нығайту жолындағы ерен еңбектің жемісін айғақтаған фильм жайлы қоғам қайраткері, өңірді дамытуға елеулі еңбек сіңірген зейнеткер Қымбат Мұстафина өзінің жылы лебізін білдірді.
«Еліміздің атын шығарып, өркендеп дамуы үшін осындай тағылымды деректі фильмдердің берері мол. Патриоттық, отансүйгіштік сезіммен бейнеленген көріністер адамның жанына жайлы әсер етіп, жылылық сыйлайды. Елбасының арқасында Қазақстанда бүкіл әлем танып отыр. Батыстың мықты саясаткерлерінің өзі Нұрсұлтан Әбішұлының нағыз көшбасшы екенін мойындап отыр», - дейді Қымбат Мұстафина.