Көксу қант зауыты қамыстан қант өндіруді бастады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Көксу қант зауыты модернизациядан өтіп, алғаш рет қамыстан қант өндіре бастады. Бұған дейін кәсіпорын шекерді қант қызылшасынан алатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көксу қант зауыты қамыстан қант өндіруді бастады

Бұл зауыттың жыл он екі ай жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Сәйкесінше жұмыс өнімділігі артып, ел нарығына ұсынылатын қант көлемі де еселенбек.

Қант шикізаты Бразилия мен Мексика елдерінен тасымалданады.

Қызылшаға қарағанда қамыстан қант өндіруде аса бір айырмашылық жоқ. Жартылай дайын шикізат жоғары температурамен шырынға айналады.

Арнайы центрафугалар арқылы қант сүзіліп алынып, ағартылады. Түсінде де, дәмінде де ешқандай өзгешелік жоқ. Басты ерекшелігі оның өнімділігінде, дейді кәсіпорын басшысы.

«Шығу өнімі қызылшада 12 пайыз болатын болса, мында шамамен 99 пайыз өнім шығады. Шикізаттың өзінен», - дейді қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Зауыттың жаңа өндірісіне 400-дей жұмысшы қуанды.

Егер қант қызылшасын өндіру кезінде небәрі төрт ай жұмыс істеген болса, енді жыл бойы еңбек етіп, жалақы алады.

Солардың қатарында 13 жылдық еңбек өтілі бар зертхана қызметкері Жазира Дүспекова да бар.

«Бұған дейін жұмыс маусымдық болғандықтан ол кезде басқа жақтан жұмыс іздеп кететінбіз. Енді үзілмейді. Жұмысымыздың тоқтамай жалғасып жатқанына ризамыз»,- деді зертхана қызметкері Жазира Дүспекова.

Кәсіпорын соңғы 4-5 жылда жұмыстың 80 пайызын автоматтандырды. Мемлекет қолдауының арқасында жанармайдан көгілдір отынға ауысты.

Сәйкесінше шығын азайып, экологиялық талаптар сақтала бастады.

Екі түрлі шикізатты қосқанда зауыт бір жылда 60 мың тонна таза қант шығара алатын мүмкіндікке ие болды.

Десе де, Алматы облысы елге қажет қанттың небәрі 15 пайызын өндіреді.