Көктал кентінде майданда қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне жаңа мемориалдық барельеф бой көтерді

АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін елордадағы Көктал тұрғын кентіндегі саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық барельефтің салтанатты ашылуы болды,

Көктал кентінде майданда қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне жаңа мемориалдық барельеф бой көтерді
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сарыарқа ауданының әкімі Сәбила Мұстафинаның атап көрсеткеніндей, мемориалдық барельеф ҰОС жауынгерлерінің құрметіне 1961 жылы орнатылған ескерткіштің орнына тұрғызылды. Себебі, бастапқы ескерткішке бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, негізгі тақталарында жарықтар пайда болып, оның апаттық күйі айналадағы адамдарға қауіпті болды. Астана Ардагерлері кеңесінің мүшелері мен №40 орта мектеп ұстаздарының өтініштерінен кейін мемориалды барельеф жаңасына ауыстырылып қана қоймай, саябаққа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жас көшеттер отырғызылып, балаларға арналған алаң орнатылды. Ескі ескерткішке қашап жазылған С.М.Киров кеңшарынан майданға аттанып, қаза тапқан 74 жауынгердің есімі жаңа тақтаға толығымен көшірілді. Сондай-ақ ондағы тілек сөздер мемлекеттік тілге де аударылды.