Көктайғақ, тұман: ШҚО-да көлік жүргізушілеріне ескерту жасалды

Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында қар жауды. Көктайғақ пен тұманның салдарынан жүргізушілерге тасжолда барынша абай болу ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кешелі бері облыстың бірнеше ауданындағы таулы жерлерде қар жауған.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, бұл өңірдегі алғашқы қар емес. Өткен тамыз айының ортасында Катонқарағай ауданындағы Алтай тауының ең биік нүктесі Мұзтау шыңына қар түскен болатын. Осы ретте, ШҚО Полиция департаменті алыс жолға шығайын деп жатқан көлік жүргізушілеріне ескерту жасады.
«Облыс жұртшылығын ауа райының нашарлауына, нақты айтқанда жолдың дұрыс көрінбеуіне, тұман мен көктайғаққа байланысты тасжолдарда барынша абай болуға шақырамыз. Қауіпсіз жылдамдықты сақтауларыңызды және ҚР Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзбауларыңызды сұраймыз», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.