«Көктайғаққа қарсы қоспадан аяқ киім бүлінуде»: ШҚО-да тұзды пайдалану шектелмек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының экологтары тұрғындар шағымынан соң көктайғаққа қарсы көшеге шашылатын қоспадағы техникалық тұзды пайдалануға шектеу қою қажеттігін айтуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Өскемен қаласының тұрғындары көшеге көктайғақ кезінде шашылатын қоспадан аяқ киім мен көлік дөңгелегі бүлініп жатқанына шағымданған болатын. Соған орай ШҚО Экология департаменті «Таза Өскемен» кәсіпорнының көктайғаққа қарсы көшеге шашатын қоспасына тексеру жүргізген еді.

«Алайда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығына сәйкес, көктайғаққа қарсы реагенттердегі құм мен тұздың араласу пайызы 80:20-ны құрауы тиіс. Тексеру кезінде белгілі болғандай, Өскемендегі араласу пайызы – 87,5:12,5. Яғни, талапқа сай емес. «Таза Өскемен» кәсіпорнында жолдың тайғақтығын ескере отырып, қоспа дайындаудың да, оны пайдаланудың да ішкі техникалық регламенті жоқ. Бұл жұмыстар кәсіпорын басшылығының немесе инженерлік-техникалық құрамның өз шешімі бойынша жүргізіліп жатыр. Соның салдарынан тұз қоспасын пайдалану есебі де жүргізілмейді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Экологтардың айтуынша, техникалық тұзды шамадан тыс пайдалану металдардың, аяқ киімнің бұзылуына, топырақтың тұздануына және өсімдіктердің өлуіне әкеп соғады. Сондықтан экология қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нормативтік құжаттарда қоспаның дозасын, құрамын және қолдану әдісін реттеу аса маңызды.

«Өскемен қаласы тұрғындарының шағымы бойынша Экология департаменті қоспаның құрамын, қолданылуын зерттей келе техникалық тұзды пайдалануды шектеу қажеттігі туралы шешім шығарды. Енді үш айдың ішінде техникалық тұзды қолдануды сот тәртібімен шектеу үшін тиісті шаралар қабылданады», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар