Көктем-2023: Қарағанды облысында су тасқынына дайындық шаралары пысықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы бойынша 149 елді мекен, 99 автожол учаскесі және 237 су шаруашылығы нысаны бақылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Қазақстанда 2 наурызда басталған «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында облыстық ТЖД көктемгі су тасқынына дайындық шараларын пысықтады. Басты мақсат – су басуға бейім елді мекендердегі тасқыннан болатын зардаптарды азайту. Оқу-жаттығуды үйлестіру және басқару жөніндегі штаб Қарағандыда орналасқан. Жетекшісі – Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Марат Күлдіков.

Оқу-жаттығуға төтенше жағдайлар, ішкі істер министрліктерінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері тартылды.

«2-3 наурызда республиканың барлық аумағында «Көктем-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Биыл біз өткен су тасқыны кезеңін талдауды ескере отырып, өзгерістер енгіздік. Жергілікті атқарушы органдар қар шығару үшін алдын ала орындар дайындады, оқу-жаттығу кезінде дренажды су өткізу құрылыстары тазартылады, инертті материалдар дайындалады, яғни, барлығы пысықталады», - деді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Кахарман Оразалин.

Оқу-жаттығудың бірінші күніндегі шаралар Бұқар жырау ауданының Садовое ауылында өтті. Авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының күштерін, құралдарының дайындығын байқау, далалық лагерь құру, адамдарды судан құтқару, Нұра өзеніндегі мұзды жару және кесу, қарды шығару, арықтарды, арналарды тасқын суларды өткізуге дайындау бойынша тапсырмалар орындалды.

«Төтенше жағдайларға дайынбыз. Біздің міндеттерімізге алғашқы медициналық көмек көрсету және қажет болған жағдайда медициналық мекемелерге тасымалдау кіреді. Бір бригадада төрт адам бар – дәрігер, фельдшер, жүргізуші және психолог. Біз осындай оқу-жаттығуларға үнемі қатысамыз, шартты түрде зардап шеккендерге көмек көрсетеміз және әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз», - дейді Қарағанды облысы Апаттар медицинасы орталығының дәрігері Еркен Құдайбергенов.

Қарағанды облысы бойынша ТЖД ақпаратына сай, өңірде 149 елді мекен, 99 автожол учаскесі және 237 су шаруашылығы құрылыстары бақылауда. Тұрғындарды су басу қаупі бар аудандардан эвакуациялау қажеттігі туындаған жағдайда, олар арнаулы 235 қабылдау пунктіне орналастырылады.

Қажеттілік болса, су тасқынының салдарын жою үшін жеке құрамның 3 мыңнан астам адамын, 1 388 техникалық құралын, 70 жүзу және 360 су айдау техникасын тарту жоспарланған.



Соңғы жаңалықтар