Көктем басталғалы елдегі жолдарды 66 рет су басқан
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында тасқын болып жатқан өңірлердегі жолдардың ахуалы туралы мәлімет берді.
«Көктем басталғалы республикалық автожолдарында 66 су басу фактісі тіркелді. Бүгінгі Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарындағы 5 жолдың жалпы ұзындығы 980 метр болатын учаскелер (Омбы-Майқапшағай, Подстепное-Федоровка, Қарағанды-Аягөз-Бұғаз, Қызылорда-Павлодар, Мариновка ауылына кіреберіс) су асытнда қалып отыр. Осыған байланысты жалпы ұзындығы 410 шақырым болатын 6 жолда қозғалыс шектелді. Қауіпті участелер мен жасанды құрылыстар тәулік бойы бақылауға алынған», - деді министр.
Марат Қарабаев жол бойындағы өткелдер мен суағарға мол көлемдегі ағын сыймағандықтан жол төсеніштерін мәжбүрлі бұзу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
«Биыл 28 наурызда Ақтөбе облысы Самара-Шымкент жолының учаскесінде Ырғыз өзені арқылы өтетін көпірдің кіре берісін су шайып кетті. Жол тәулік ішінде қалпына келтіріліп, қозғалыс қамтамасыз етілді. 30 наурызда Қарағанды облысы Бастау-Ақтау-Теміртау жолының Нұра станциясы аймағында орналасқан елді мекенді сақтау үшін жол төсемі мәжбүрлі бұзылды. Су деңгейі төмендегеннен кейін жолдың бұл бөлігі қалпына келтіріледі. Ақтөбе облысында Қандыағаш-Ембі және Солтүстік Қазақстан облысында Көкшетау-Омбы жолдарының учаскелерінде жол төсеміне аздаған зақым тіркеліп, оларды жою бойынша жедел шаралар қабылданды», - деді ведомство басшысы.