Көктемде егілген орман көшеттерінің 56,4%-ы өсу қабілетін сақтап қалған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінің мемлекеттік орман қорында ағаш отырғызу жұмыстары аяқталды. Жергілікті орман қорғау мекемелерімен жалпы аумағы 1,2 мың гектардан асатын аумаққа 6,8 млн көшет отырғызылған.

тал отырғызу
Фото: Видеодан алынған кадр

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы биыл көктемде егілген ағаш көшеттерінің жерсіну, яғни өсу қабілетін сақтап қалу көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артық екенін атап өтті.

- Павлодар облысы әкімдігіне қарасты орман қорғау мекемелерінің аумағында 6,8 миллион дана екі жылдық қарағай көшеттері отырғызылды. Олардың жалпы ауданы 1,2 мың гектардан асады. Ормандарды молықтырудың бекітілген Кешенді жоспарына сәйкес отырғызу көлемі толық игерілді. Айта кету керек, орман-мәдени жұмыстардың бір бөлігі, шамамен 25%-ы меморандум шеңберінде Еуразиялық топ кәсіпорындарының қаржыландыру есебінен жүзеге асырылды. Жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша көктемгі екпелердің жерсіну пайызы 56,4% құрады, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір асып түсті. Орман күзеті отырғызылған көшеттерді тиісті күтіммен және қорғаумен қамтамасыз етеді,-деп хабарлады басқарма басшысы Сағын Төлеутаев.

Бүгінде облыс әкімдігіне қарасты Павлодар, Үрлітүп, Максим-Горький орман қорғау мекемелеріне жалпы аумағы 127,5 мың гектар қарайды. Олардың 89,8 мың гектары орманмен көмкерілген. 

Орман шаруашылықтары келер жылы 1400 га алаңда 8,5 млн дана көлемінде орман дақылдарын отырғызуды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, Павлодардағы орман шаруашылықтарын техникамен қамтуға үш жылда 1,6 млрд теңге жұмсалған.

Ал «Ертіс орманы» резерватында ағаш ұрлығы 97 пайызға азайған.

Соңғы жаңалықтар