Көктемде қазақ даласына тағы екі жолбарыс жіберіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір жолбарыстар арнайы қоршауларда табиғи ортаға бейімделіп жатыр. Жануарлардың денсаулық жағдайы мен өз бетінше тіршілік етуге дайындығына қарай табиғи ортаға жіберу шешімі қабылданады. Жалпы 2033 жылға дейін Қазақстанның жабайы табиғатына шамамен 10 жолбарыс жіберу жоспарланған.

Көктемде қазақ даласына тағы екі жолбарыс жіберіледі
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Мамандар Балқаш өңірінің экожүйесі қанша жолбарысты асырай алатынын зерттеп жатыр. Осы мақсатта табиғатқа жіберілген алғашқы жыртқыштардың тіршілігі бақыланып, жаңа аумаққа бейімделуі бақылануда.

«Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилевтің айтуынша, зерттеу нәтижелері жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге ниетті өзге елдер үшін де маңызды болуы мүмкін.

Оның сөзінше, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына екі ересек Амур жолбарысын жіберу ғылыми тәжірибенің алғашқы кезеңі саналады. Мамандардың бақылауы бұл аумақтың тұрақты жолбарыс популяциясын қалыптастыруға қаншалықты қолайлы екенін анықтауға, сондай-ақ бағдарламаның келесі кезеңдеріне қандай жануарларды іріктеу керегін анықтауға мүмкіндік береді.

Сергей Арамилев
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

— Жолбарыстардың жаңа ортаға бейімделуін бақылау арқылы аумақтың қаншалықты қолайлы екенін және мұнда қанша жолбарыс мекендей алатынын анықтаймыз. Біз үшін ең маңыздысы — популяцияны көбейту бағдарламасында қандай жолбарыстарды көбейту қажет екенін түсіну, — деді Сергей Арамилев.

Мамандар жыртқыштардың табиғи жағдайға бейімделуін, тіршілік ету аумағын игеруін және аң аулау дағдыларын бақылауды жалғастырады. Жиналған деректер жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жөніндегі алдағы жоспарды нақтылауға негіз болады.

Көктемде қазақ даласына тағы екі жолбарыс жіберіледі
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

С. Арамилев бұған дейін тарихта табиғаттан жойылып кеткен ірі сүтқоректі түрі, әсіресе жыртқыш жануар қайта жерсіндірілмегенін еске салды. Сондықтан Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми тәжірибе мұның мүмкін екенін өзге елдерге де айғақтайды.

— Бағдарламаның келесі кезеңіне арналған тағы екі жолбарыс күшігі дайындалып жатыр. Қазір олар арнайы қоршауларда табиғи ортаға бейімделу кезеңінен өтуде. Алдын ала жоспар бойынша, күшіктерді 2027 жылдың көктемі мен жазында табиғатқа жіберу көзделген. Алайда түпкілікті шешім жануарлардың денсаулығына, мінез-құлқына және өз бетінше тіршілік етуге дайындығына қарай қабылданады, — деді орталық басшысы.

Көктемде қазақ даласына тағы екі жолбарыс жіберіледі
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде, яғни 2033 жылға дейін табиғатқа шамамен 10 жолбарыс жіберу жоспарланған. Ал жобаның өзі шамамен 35 жылға жоспарланған. Егер бағдарлама ойдағыдай жүзеге асса, оны әрі қарай жалғастыру мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, жақында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Амур есімді екінші жолбарыс жіберілген еді.