Көктемгі егіс жұмыстары: ауылшаруашылық техникалары 99% дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы егіс жұмыстарына ауылшаруашылық техникалары 99% дайын.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
— Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы бойынша — 139 мың трактор, шамамен 5,6 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешені, 71 мың сепкіш, 141 мың топырақ өңдеу құралы бар. Өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 99% құрайды, — деді ол көктемгі дала жұмыстары жайлы баяндамасында.
Сондай-ақ министр шаруаларға арзандатылған дизель бөлінгенін де атап өтті.
— Энергетика министрлігі ағымдағы жылдың егіс науқанына 401 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Шаруалар үшін түпкілікті баға литріне 254 теңге құрайды, бұл нарықтан 15%-ға арзан. Қазіргі уақытта 237 мың тонна (59%) арзандатылған жанар-жағармайға шарттар жасалып, төленді, оның 218 мың тоннасы (54%) жөнелтілді, — деді Айдарбек Сапаров.
Осыған дейін елімізде егіс алқабының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жеткені белгілі болды.
Сонымен қатар биыл 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жиналатыны хабарланды.
Бұдан бөлек бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында 6,1 мың шаруаға 384,8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілгені анықталды.