Көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жанар-жағармайды операторлар кем өлшейді – павлодарлық фермерлер

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Шаруалардың айтуларынша, арзан дизель отынының сапасы да төмен. Ал оны таратушы-операторды таңдау мүмкіндігі жоқ. Бұл туралы Павлодар өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев хабарлады.

Фермерлар
Фото: freepik.com

«Кәсіпкерлер палатасының мүшелері Железин және Тереңкөл аудандарының кәсіпкерлерімен кездесіп қайттық. Тереңкөлдік «Шаров», «Лысов», «Ереке» шаруа қожалықтары көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жанар-жағармайдың сапасы үнемі төмен болатынына әрі таратушы-операторларды таңдау мүмкіндігі қарастырылмағанына шағымданды. Фермерлер сұйық отынды операторлар шамадағыдан кем өлшеп құятынына да наразылық танытты», дейді Ж.Сембаев.

Железиндегі «Жұмабек Агро» ШҚ өкілдері несиені өтеу мерзімін шегергеннен кейін он екі айдан бері несие ала алмай отырғанын жеткізген. Бұған дейін Үкімет басшысы заңдағы мұндай норманың жойылғаны туралы хабарлаған еді. Алайда қаржы ұйымдары өз дегендерін істеп отыр.

«Ал «Ата жер» ШҚ пайдаланып отырған жерін жалға алғаны себепті несие рәсімдей алмай отырғанына, «Алтын жер» ЖШС астық сақтау қоймасы инвестициялық жобасын аяқтаған соң субсидияға қол жеткізе алмағанына шағымданды. Соңғы шаруашылық субсидия алуы үшін 2022 жылғы мемлекеттік сараптама қажет», деп атап өтті палата директорының орынбасары.

 

Соңғы жаңалықтар