Көктемгі су тасқыны: 2,5 мыңнан астам үйдің құрылысы аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл еліміздің бірқатар өңірін тасқын су басты, бүгінде құзырлы органдар оның салдарын жойып, қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
«Су тасқыны еліміздің 10 өңірінде болды, оның салдарынан 224 елді мекен, 17,603 тұрғын үйгезақым келді. Барлық зақым келген шеккен ғимараттарға техникалық тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 9,156 үй жөндеуден өткізілді және 8,447 үй қалпына келтіруге жарамай қалды. Осылайша нарықтан 5,767 үй мен пәтер сатып алынды. Сонымен қатар 2,680 жаңа үйдің құрылысы басталды. Жаңа үйлерді салу барысында тасқынның алдын алу мақсатында жергілікті жердің рельефтері мен ландшафты ескерілді. Бүгінде 2,576 үйдің құрылысы аяқталды. Құрылыс жұмыстары мамыр айының соңында басталып, 4 ай ішінде бітті», - деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.
Айта кетсек, құрылыс жұмыстарына цифрлық құралдар арқылы күнделікті мониторинг жүргізу үшін аталған министрлік жанында ахуалдық орталық құрылды.
«Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау үшін әр өңірдегі құрылыс алаңдарына министрліктің және су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесі залалды өтеу бойынша өтініштерді қабылдау және ұйымдастыруға үлес қосты. Цифрлық даму министрлігі мобильдік қосымшалар арқылы залалды өтеу өтінішін беруді қысқа уақытта ұйымдастырып, тиісті құжаттар болмаған жағдайдың өзінде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды», - дейді ведомство басшысы.