Көктемгі аң-құс аулау маусымы ашылды
Бұл туралы ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Көктем айларында үйректің, жылқышының, құрдың, саңырау құрдың аталықтарын аулауға рұқсат етіледі. Үйрек аталығын алдамшы үйрек немесе үйрек тұлыптарын қолданбай аулауға қатаң тыйым салынған.
Сондай-ақ көктемде, 2014 жылғы 15 сәуірден 15 мамырға дейінгі кезең шегіндегі 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде қоңыр аюдың (тянь-шань аюынан басқа) аталықтары мен қысыр аналықтарын аулауға рұқсат етіледі.
Өңірдің табиғи-климаттық жағдайларына байланысты уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері аң аулау кезеңінің ашылуы туралы және көктемгі аң аулаудың басталу мерзімін Ережеде белгіленген мерзім шегінде 15 күнтізбелік күнге дейін шегеру туралы шешімді қабылдайды.
Осылайша, бүгінгі күні ел бойынша көктемгі аңшылық кезең Жамбыл және Маңғыстау облыстарында ашылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аң аулау тек аңшылық шаруашылықтары аумағында ғана рұқсат етіледі. Қазақстан Республикасында бекітілген аңшылық алқаптардың көлемі шамамен 120 млн. гектарды құрайды.
Қазіргі кезде республикада 698 аңшылық шаруашылығы жұмыс істеп, қорықшылар саны 2482 адамды құрайды, жануарлар дүниесін қорғауға 2286 бірлік автомашина мен басқа да техника жұмылдырылған. Республикада 130 мыңға жуық аңшы тіркелген.
Әуесқойлық (спорттық) аң аулауды жүргізу үшін: 1) аңшы куәлігі;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасы белгiлеген мемлекеттiк баждың төленгені туралы түбіртек;
3) жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат;
4) аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары;
5) аңшылық атыс қаруын қолдану арқылы аң аулау үшін - аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығын растайтын Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарында берілген рұқсат;
6) аушы жыртқыш құстармен аң аулау үшін - оларды тіркеу туралы құжаттар болған кезде жол берiледi.
Ен салынған (сақиналанған, микрочиптелген) құстарды немесе сүтқоректiлердi олжалау кезiнде олардың ауланған күнi мен орны көрсетiлген ақпарат, сақина, микрочип және басқа да ен белгiлері аңшылық шаруашылығы субъектісінің уәкiлеттi тұлғасына немесе ҚР ҚОСРМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің облыстық аумақтық инспекцияларына тапсырылуы тиіс. Кейін олар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне (ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік орган) беріледі.
Аң аулау барысында аңшылық алқаптарды тұрмыстық және кәсіпшілік қалдықтарымен, тастанды заттармен ластауға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңының 38-бабының 5-тармағының және Қазақстан Республикасының аумағында аң аулау ережесінің талаптарын орындамағандар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде қарастырылған жауапкершілікке тартылады.