Көктемгі әскерге шақыру басталды
АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат - Енді бір аптадан кейін елімізде Қазақстан Республикасы азаматтарын көктемгі әскерге шақыру басталады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінне хабарлады.
"Жастарды Қарулы Күштер қатарына сапалы түрде іріктеу Қазақстан армиясының жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейге көтеруге ықпал етеді",- деп атап өтті Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткен екі күндік оқу-әдістемелік жиында.
Оның айтуынша, өткен жылдардағы әскерге шақыру науқанының нәтижесі көрсетіп отырғандай сапалы жүргізілген жұмыс жауынгерлік әзірліктің де қарқынды өсуіне әрі тиімділігіне қол жеткізіп отыр.
Өз кезегінде жастарды әскерге шақыру комиссияларының заңдылықтарды сақтай отырып жұмыс істеуі сапалы көрсеткішке қол жеткізбек. Бұл бағытта ұйымдастыру-жұмылдыру органдарының құрылымында әскери басқару органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру жөнінде жұмыстар үнемі жүргізіліп келеді.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі әскерге шақырушылардың білім деңгейінің өскендігін бірнеше рет атап өткен болатын. Өткен жылы әскерге шақырылғандардың көп бөлігі жоғары білімі бар жастардан құралды.
Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткен екі күндік оқу-әдістемелік жиынында әскер түрлерінің, тектерінің және өңірлік қолбасшылықтардың, әскери басқару органдарының, басқа да әскерлердің (әскери құрылымдардың) жұмылдырылуы мен жабдықталуына жауапты лауазымды тұлғалармен өткен жылғы жастарды күзгі әскерге шақыру кезеңі қорытындыланып, талдау жасалды.
Шараға қатысушыларға ҚР ҚМ ШБК Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Қайрат Мыңжанов биылғы жылғы кезекті шақырылымға тапсырма беріп, сонымен бірге әскери міндеттілердің құжаттарын жасау және оқу жиындарын ұйымдастырудың негізгі талаптарын жеткізді.
Жиынға қатысушылар әскери басқару органдары мен жергілікті атқару органдары арсындағы өзара іс-қимылды, дәрігерлік комиссияларды қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2011 жылы әскери міндеттілермен оқу жиындарын өткізу сұрақтарын талқылады.
Еске сала кетсек,үстіміздегі жылғы 3 наурызда «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2011 жылдың сәуір-маусымында және қазан-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойылды.