Көктемгі дала жұмыстарына кешенді қолдау көрсету керек – Тимур Жақсылықов
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов өңірлердің атқарушы органдарына бірқатар ұсыным берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне және жеміс-көкөніс бағасының алыпсатарлық маусымдық ауытқуына жол бермеу шараларын жүргізу керек; экономика салаларында өсудің оң қарқынын қамтамасыз ету шараларын іске асырып, көктемгі дала жұмыстарына дайындыққа кешенді қолдау көрсету қажет», - деді Т. Жақсылықов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздемені сапалы дайындау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытылы жүргізу және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатты өнім берушіге дейін жеткізуі маңызды.
«Сонымен бірге, шикізаттық емес экспортты жан-жақты қолдау және баламалы экспорттық бағыттарды ұлғайтып, су тасқынына қарсы кешенді дайындық жұмыстарын жүргізу керек», - деді Тимур Жақсылықов.
Айта кетейік, Қаңтар айында Қазақстан экономикасы 5,6%-ке өскен. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,3%, ал қызмет көрсету саласында – 7,6% көрсеткен.
Сондай-ақ, Қазақстанның 14 өңірінде өңдеу өнеркәсібі артқан.