Көктемгі дала жұмыстарына техникалардың 98 пайызы дайын – АШМ
«Ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігі туралы айтар болсақ, облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес осы жылдың 7 сәуіріндегі жағдай бойынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауылшаруашылық техникасының дайындығы 98 пайызды құрайды. Жұмысты тоқтатпау үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілер жөндеу бригадаларын жасақтады. Сервистік компаниялар олардың көшпелі сервисті күшейтуі бойынша, сондай-ақ қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толтыру жөнінде тиісті жұмыстарды жүргізді», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-баспасөз мәслихатында.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жұмыс басталғанға дейін техникаларды 100 пайыздық дайындыққа жеткізу көзделген.
«Көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу үшін ақпан-маусым айларына 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. 8 сәуірдегі жағдай бойынша бекітілген кестеге сәйкес 387 мың тоннаның 119 мың тоннасына шарттар жасалып, оның 103,4 мың тоннасы тиелді. Агроөнеркәсіптік кешенінің субъектілерін қолдау бойынша іс-шараларды жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді. Бұл әдеттегіден 10 млрд теңгеге артық. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыздан аспайды», - дейді ол.
Вице-министрдің мәліметіне сенсек, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 54,4 млрд теңге сомасына өтінімдері қаржыландырылған.