15:03, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Көктемгі егіс науқанына әзірлік жұмыстары Үкіметтің жіті бақылауында
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббас/ - Агроөнеркәсіп ел экономикасындағы басты салалардың бірі әрі елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі тірегі болғандықтан, мемлекет тұтастай ауыл шаруашылығына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Ал мұндай мемлекеттік қолдау әсіресе бүгінгідей әлемді жайлаған дағдарыс жағдайында аса өзекті.

Сондықтан, ел Үкіметі көктемгі егіс науқаны жұмыстарына қолайлы жағдай туғызу шараларына кірісіп кетті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, биыл республика бойынша жалпы аумағы 17,8 млн. гектар жерге егін егіледі. Облыстық әкімдіктердің ауыл шаруашылық мекемелерінің мәліметтеріне сәйкес, бұл көрсеткіш 2008 жылға қарағанда 243,3 мың гектарға немесе 1,4 пайызға жоғарылаған. Оның ішінде астық 16,0 миллион гектар аумаққа, майлы дақылдар 824,5 мың гектар жерге, ал мақта 158,4 мың гектарға, сондай-ақ қант қызылшасы 16,4 мың гектарға, көкөніс және бақша дақылдары мен картоп 327,5 мың гектар аумаққа, жеп-шөп дақылдары 433,3 мың гектарға егіледі.
Вице-министр биыл соңғы үш жылмен салыстырғанда мақта егісінен басқа барлық дақылдар бойынша егін егу көрсеткіші жоғары болатынын айтады. «Мақта өсімдігіне қатысты егісті оңтайландыру бірқатар себептерге байланысты туындап отыр. Атап айтқанда, халықаралық рынок зерттеулері соңғы жылдары мақта өнімдеріне сұраныстың азайып кеткенін көрсетті. Оның үстіне, былтырғы жылы мақтаны сатуда бірқатар қиыншылықтар болғаны белгілі. Сондықтан да, мақта егісі алқабын қысқарта отырып, соның есебінен жемшөптік дақылдарды егу жоспарлануда», дейді А. Евниев.
Аймақтардан түскен мәліметтерге қарағанда, бүгінде 2009 жылдың егініне қажетті 2060,9 мың тонна жаздық егіс тұқымының 99,1 пайызы немесе 2041,8 мың тоннасы жинақталған. Тек тұқымнның жетіспеушілігі Шығыс Қазақстан облысында 18,6 тонна, ал Жамбыл облысында 4,2 мың тонна көлемінде анықталып отыр. Бұл қажеттілікті мемлекеттік тұқым ресурстары мен облысаралық айырбастау арқылы толықтыру жоспарлануда. Қазіргі кезде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ мен облыс әкімдіктері аталған мәселені шешу бойынша жұмыстарды жүргізуде.
2009 жылдың басында жалпы 2041,8 мың тонна тұқымның 935,7 мың тоннасының сапасы (45,8) тексерілді. Кондицияға жеткізілген тұқым 919,7 мың тоннаны құрады. Егіс стандарттарының бірінші классына 387,4 мың тоннасы, екінші классына 355,3 мың тоннасы, сондай-ақ үшінші классқа 176,9 мың тонна тұқым сәйкес келеді. Кондицияға жетпеген тұқымның көлемі республика бойынша 16,0 мың тоннаны (0,8 пайызды) құрады. Бүгінде көктемгі егіс науқанына арналған тұқымның сапасын тексеру жұмыстары жалғасуда.
Атап айтсақ, көктемгі егіс жұмыстарында ауыл шаруашылығы техникасының сақадай сай тұруы осы ауқымды науқанның сәтті әрі дер кезінде аяқталуына әсер етпей қоймайты анық. Сондықтан ақпанның 10-ы күні өткен Үкіметтің отырысында Премьер-Министр К. Мәсімов «ҚазАгро» холдингіне ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды сатып алу үшін еліміздегі екінші деңгейлі банктердің «Несиелік желілерін» пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.
Отырыста көптеген банктерде, оның ішінде Үкімет жұмыс жүргізіп жатқан жүйе құрушы ірі төрт банкте ауылшаруашылық техникаларын сатып алатын несиелік желілер бар екендігіне тоқталған Премьер-Министр: «Техникаларды сатып алу үшін «қолма-қол ақшаны» пайдаланудың қажеті жоқ. Сондықтан «ҚазАгро» холдингіне жүйе құрушы төрт банкпен және басқа да банктермен осы мәселені пысықтауды тапсырамын», - деді. Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі дағдарыс жағдайында елімізден валюталарды сыртқа мейлінше аз шығару қажет.
«ҚазАгро» холдингінің басшысы Асылжан Мамытбековтың сөзіне қарағанда, Ұлттық холдингтің қаржысынан бөлек «ҚазАгроҚаржы» компаниясы 6,8 млрд. теңгеге ауылшаруашылық техникалары мен жабдықтарын сатып алып жатыр. Қазіргі таңда Германияда, АҚШ-та және Канадада жасалған, егіс жұмыстарын жүргізетін 110 кешенді техника, 209 «Беларус», К-744 тракторларын және басқа да ауылшаруашылық техникаларын жеткізу жөнінде келісім-шарттар жасалған.
Биылғы жылғы ақпанның 7-сіндегі жағдайға қарағанда, егіс науқанына дайын 157 731 трактор, 90 778 дана тұқым сепкіш техника, 2020 егіске арналған кешендер, 336 003 топырақ өңдейтін тіркемелер бар. Тракторлар мен тұқым себетін техниканың әзірлігі 75 пайызды құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық әкімдіктердің ауыл шаруашылық басқармаларымен бірлесіп, дақылдарды өңдеу жөніндегі технологиялық карталардың негізінде көктемгі егіс жұмыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын өнідірушілердің жанар-жағармайға деген қажеттілігін анықтады. Осы орайда Арман Евниев көктемгі егін егу жұмыстары үшін 336,2 мың тонна дизель отыны, 50,8 мың тонна бензин және 20,2 мың. тонна дизель майы қажет екенін айтады. Вице-министрдің айтуына қарағанда, көктемгі егісті жанар-жағармаймен қамту мәселесі Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен бірлесіп шешілетін болады. «Сондай-ақ көктемгі науқанға қажетті техниканың дайындығы да қанағаттанарлық деңгейде. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 7,9 млн. гектарға немесе дәнді дақылды алқаптарының 45 пайызына дән себетін 2 мыңнан астам қазіргі заманғы техникалармен қамтамасыз етілген. Ал былтырғы жылы бұл көрсеткіш небәрі 40 пайызды ғана құраған болатын. Сонымен бірге, биылғы жылы біз егін егуге қолайлы жыл болады деп болжап отырмыз. Өйткені ауа райын зерттеуші мамандардың ақпаратына сүйенсек, еліміздің барлық аймақтарында топырақтың беткі қабатында жатқан күзгі ылғал қоры белгіленген нормадан жоғары болып тұр», дейді А. Евниев. Жалпы, биылғы түскен қар мөлшері өткен жылғымен салыстырғанда біршама жоғары болған. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жауған қардың қалыңдығы былтырғы мөлшерден екі есеге дейін жоғары.
Сонымен бірге, топырақтың құнарын арттыру мен сапасын сақтау мақсатында арнайы бағдарлама да қабылданған. Бұл бағытта жерге қажетті минералдық тыңайтқыштар құнын арзандату шаралары қамтылатын болады. «Жалпы алғанда, биылғы жылы көктемгі егін егу жұмыстарын сапалы әрі тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалды деуге толық негіз бар», дейді А. Евниев.
Сонымен биылғы жылғы егін егу жұмыстарына қолайлы жағдай жасаудың негізгі бағыттарының бірі жанар-жағармай бағасының науқан кезінде шарықтап кетпеуіне жол бермеу. Осы орайда Үкімет басшысы Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевқа тиісті нұсқауларды беріп үлгерді. «Қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» жүйесі арқылы жанармай бағасын тұрақты ұстап тұру шарт. Сондай-ақ егіс науқанына дайындықты қамтамасыз ету қажет. Бұл екі мәселе ең маңызды болып саналады», - деді К. Мәсімов.