12:39, 19 Ақпан 2016 | GMT +5
Көктемгі егіс науқанына бюджеттен 60 млрд. теңге бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемгі егіс науқанына республикалық бюджеттен 60 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлім етті.

Оның сөзі бойынша, 2016 жылы көктемгі егістік жұмыстарын атқару үшін шаруашылықтарға шамамен 360 мың тонна дизель отыны қажет.
«Облыстардағы алдын ала мәліметтерге қарағанда, 2016 жылы 21,6 млн гектар жерге егін егіледі деп жоспарлануда. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 413 мың гектарға көп. Көктемгі егін егу кезінде 18, 4 млн гектар алқапқа дәнді дақылдар егіледі», - деп атап өтті вице-министр.
Бұның алдында хабарлағанымыздай, ағымдағы маркетингтік жылы, 2016 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша, 4,9 млн. тоннаға жуық астық экспортқа жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 24 пайызға немесе 961 мың тоннаға көп.