10:45, 20 Сәуір 2011 | GMT +5
Көктемгі егіс науқанына орай ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге бүгінде 106,2 мың тонна жанар-жағармай жеткізілді
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Көктемгі егіс науқанына байланысты ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге бүгінде 106,2 мың тонна жанар-жағармай жеткізілді.
Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен кепілдік көлемінде қамтамасыз етудің тиісті мәселелері қаралды.
«Атап айтқанда, бүгінде 106,2 мың тонна жанар-жағармай жеткізілді. Бұл жоспарлаған көрсеткіштің 50 пайызы»,-деді А. Мамытбеков.
Ведомство басшысының мәліметіне сенсек, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің дизельдік отынмен қамтамасыз етуге қажетті көлем 183 мың тоннаны, бензин - 34 мың тоннаны, сондай-ақ дизель майы 14 мың тоннаны құрайды.