Көктемгі егіс науқанына орай диқандарға арналған жағармайдың 84 пайызының құны төленді

Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі уақтылы қарастырылды. Үкімет ақпанның басында осы тұрғыдағы барлық мәселелерді шешіп, ақпанда бекітілген жеңілдікті бағамен жағармай жеткізілімдері басталды. Бұл дизель отынының бағасы нарық құнынан 10-12 пайызға төмен. Мұнай өңдеу зауыттарының қашықтығына байланысты шамамен дизель отынының 1 литрінің бағасы 81-83 теңгені құрайды.
«14 мамырдағы жағдай бойынша көктемгі егіс науқанына жоспарланған 360 мың тоннаның 303 мың тоннасының құнын облыстағы операторлар төледі. Бұл 84 пайызды қамтып отыр»,-деді министр.
Осы орайда ол мұнай өңдеу зауыттарынан бүгінде жағармайдың 76 пайызы жөнелтілгенін жеткізді. Дизель отынының жеткізу қарқыны өткен жылға қарағанда 20 пайызға жоғары болып отыр.