Көктемгі егіс: СҚО-да тұқымды жаңартуға 1,6 млрд теңге бөлінеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы елдегі төтенше жағдайға қарамастан көктемгі егіс жұмыстарын атқаруға дайын. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктемгі егіс: СҚО-да тұқымды жаңартуға 1,6 млрд теңге бөлінеді

СҚО биыл 4,2 млн га алқапқа егін екпек. Оның 2,9 млн гектарына бидай, 955 мың гектарына майлы дақылдар, қалғанына көкөніс пен жемазық егіледі. Ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Ерболат Бекшеновтың айтуынша, өңір шаруалары тұқыммен толық қамтылған, ал техника 98 % дайын.

«Көктемгі егіс жұмыстарын атқаруға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 68,9 мың тонна дизель, 10 мың тонна бензин, 3,2 мың мотор майы қажет. Биыл мемлекет толық көлемде жеңілдетілген жанар-жағар майды бөлді. Олар Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарынан жеткізіледі. Литрі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 165 теңгеден аспайды», - дейді Е.Бекшенов.

Биыл аграрлы секторды дамытып, ауыл шаруашылығын субсидиялауға 42,8 млрд теңге бөлінбекші. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «ҚазАгро» қаржы институты жыл басынан 300 өтінішті қарап, 18,3 млрд теңге берді.

«Карантин жарияланған кезде блокпосттарды өту бойынша көптеген, яғни техниканы жөндеу үшін сервистік компаниялардың аудандарға шығуы, қосалқы бөлшектерді сатып алу мәселелері туындады. Облыстық әкімдікте және аудандарда штаб құрылған. Блокпосттардан өту үшін iKOMEK сайты арқылы өтінім қалдыруға болады. Сондай-ақ қосалқы бөлшек сататын барлық дүкендерді ашу туралы шешім қабылданды. Сервистік компаниялардың тізімі жасалып, ол блокпосттарға берілді. Олар еш кедергісіз техниканы жөндеуге аудандарға өте алады. Гербицид, минералды тыңайтқыштар сататын фирмалар да тоқтаусыз жұмыс істейді. Жалпы мәселе туындаған жағдайда ауыл шаруашылығы басқармасында құрылған Call-орталыққа хабарласуға болады», - дейді басқарма жетекшісі.

Ерболат Бекшеновтың айтуынша, наурыз айында тұқымды субсидиялауға қатысты жаңа ереже қабылданды. Шаруалар мамыр айынан бастап сапалы, элиталық тұқымдарға және бірінші репродукцияларға демеуқаржы ала алады. Бидай, рапс, зығыр, күнбағыс секілді майлы дақылдарға, картопқа беріледі. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 1,6 млрд теңге қарастырылған. Биыл сондай-ақ сорттардың да түрлері көбейтілмек. Былтыр бұл көрсеткіш – 8% болса, биыл 8,7% жеткізілмек.

СҚО-да экологиялық таза өнім өндіретін шаруашылықтар қатары да артпақ.

«Былтыр Есіл, Мамлют және М.Жұмабаев ауданында төрт шаруашылық айналысты. Олар негізінен астық пен зығыр өсірді. Оларға өз өнімін экспорттау үшін арнайы сертификат керек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде ол бар. Мәселен «Воскресеновка» ЖШС бидай, зығыр, бұршақ өсірумен айналысады. Шаруашылық өз өнімін Германияға экспорттайды. Биыл өңір жетекшісінің тапсырысына сай егіс алқаптары ұлғайтылмақ», - деді Е.Бекшенов.

Былтыр 2 мың гектарда экологиялық таза өнім өсірілсе, биыл алқапты 7 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Осылайша, қатарға тағы 8 аудан қосылмақ.