Көктемгі егіс және жинау жұмыстарына арналған 440 млн. теңге мемлекеттік субсидия заңсыз бөлінген - Бас прокуратура
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Бас прокуратурасы 2009 жылғы көктемгі далалық және жиын-терім жұмыстарын жүргізуге арналған 2 мыңнан астам мемлекеттік субсидия түрлі заң бұзушылықтармен бөлінгенін анықтады.
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифинг барысында Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н.Сүйіндіковтың айтуынша, Бас прокуратура үстіміздегі жылы көктемгі далалық және жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік субсидияларды бөлудің және оны пайдаланудың заңдылығына қатысты тексерістер жүргізіп, нәтижесінде жалпы сомасы 440 миллион теңгеге субсидия беру кезінде жол берілген 2 мыңнан астам заң бұзушылығын анықтаған. Фактілер бойынша 9 қылмыстық із қозғалып, 30-ға жуық материал процессуалдық шешім қабылдау үшін қаржы полициясына жолданды. Мемлекеттік органдардың 53 заңсыз актісі анықталып, оларға наразылықтар келтірілді. Сондай-ақ заң бұзушылықтарды жою туралы 134 ұсыныс беріліп, оларды қарау нәтижесінде 39 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Тексеру барысында егу жұмыстары туралы жалған актілер жасау арқылы мемлекет қаржысын талан-таражға салу фактілері анықталды. Егіс алаңдарын қабылдау актілерінің растығына жүргізілген тексерулер барысында іс жүзінде егіс егілмеген барлығы 4 мыңға жуық гектар жер телімі анықталды, ал ол жұмыстарды жүргізуге заңсыз 8 млн. теңгеге жуық субсидия төленген», - деді ол.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің иелері, жерлерін өзгеге жалға бере отырып заңсыз субсидия алу және заңсыз басып алынған немесе жерді пайдалануға құқығы жойылған жерлерге субсидияларды беру жағдайлары анықталған. Мысалға, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы «Қайрат» ЖШС-ға 5 мың гектарға егіс егуге субсидия берілген, ал бұл серіктестіктің заңды иелігінде тек 3,5 мың гектар жері болған.
Оның үстіне прокуратура өкілдері, кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік қызметкердің заңсыз қатысқан фактісін де әшкереледі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында субсидия алған «Өнеге» шаруа қожалығының басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық органының өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы қызметін атқаратын адам болып шыққан.